• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2019

«Ауыл - ел бесігі»: Ақтөбе облысында 300-ден аса жоба жүзеге асырылатын болады

432 рет
көрсетілді

Елбасы бастамалық еткен «Ауыл - ел бесігі» ауқымды жобасы Ақтөбе облысында кең қолдау тапты. Жергілікті кәсіпорындар ауылдық аймақтың әлеуметтік ортасын жаңғыртуға бар күшін салып жатыр. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халықпен есептік кездесу кезінде баяндады. 

Былтыр ауылдық елді мекендерде 2 млрд теңгеге 344 жоба жүзеге асырылды: жаңа әлеуметтік нысандар салынды, жолдар мен көпірлер жөнделді, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық  базасы күшейтілді, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді.

Осы жылы кәсіпкерлер туған ауылдарын қамқорлыққа алып, 2,6 млрд теңгеге көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Осылайша, 289 меценат 199 елді мекенде 314 жобаны жүзеге асыруға уәде берді. Олардың қатарында денсаулық сақтау саласында 4, білім беру – 16, ТКШ – 69, мәдениет пен спортта – 95 және т.б. жобалар бар. Негізінде саябақтарды абаттандыру, спорттық және ойын алаңдарын орнату, жол жұмыстары жүргізіліп, ауыл клубтары мен мәдениет орталықтары  жөнделмек.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығында рекорд орнатылды. 228 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Мұндай нәтижелерге ақтөбеліктер алғаш рет қол жеткізді. Бұл ретте біздің облыс Қазақстанның басқа өңірлері арасында ауыл шаруашылығын дамытуда көшбасындағылардың бірі болды.

«Мемлекет басшысы аграрлық секторды экономика драйверіне айналдыру міндетін қойды. Ақтөбе облысы бұл тапсырманы белсенді түрде жүзеге асыруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,2% - ға артып, 228 млрд.теңгені құрады. Суармалы жерлердің көлемі 21,6 - дан 30,2 мың гектарға дейін артты. Биыл суармалы жерлер тағы 10,6 мың гектарға артады» деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен есептік кездесуінде.

Облыс әкімі суармалы егіншілікті дамытумен қатар, мал шаруашылығын, дәстүрлі емес салаларды, өңіраралық кооперацияны дамыту мен жаңа технологияларды енгізу де басымдыққа ие екенін атап өтті.

Бүгінде өңірде 57 сүт, 17 ара өсіру шаруашылықтары, 58 бөдене, 1 марал өсіру, 49 қаз және 43 үйрек фермалары бар, 38 қожалық үй қояндарын өсірумен айналысады. Құлпынай мен таңқурай өсіретін ауыл шаруашылығы кәсіпорындары белсенді түрде дамуда. Облыста барлығы 2663 фермерлік қожалық пен шаруа қожалығы ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерімен айналысады. 2019 жылы қосымша қырық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

«Елбасы тапсырмасымен барлық жерде Агроөнеркәсіп кешеніне инновацияларды енгізіп жатырмыз, егістіктерге спутниктік мониторинг енгізіліп, технологиялық карталар автоматтандырылуда, астықтың қозғалысын, сақталуы мен қайта өңделуін есепке алу бақылауға алынуда. Алдағы уақытта смарт-ферманы іске асырып, нүктелі егін шаруашылығын енгізу жоспарлануда» деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.